Айдана – ҚазҰУ студенттері ғана емес, қазақ жастарына үлгі
«Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам…» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жалындаған жас шағында айтыпты. Қарап отырсақ, сол дәуірдің жастары рухтығы берік, ұлттығы мығым, ел үшін барын беретін патриоттардан тұрған екен. Мағжан Жұмабаевтың да «Мен жастарға сенемін!» деуі соның айғағы болса керек. Жастар кез келген елде үлкен басымдыққа ие, демографиялық ахуалы жоғары, елдің мәдениетін көрсетететін үлкен күш болып саналады. Сондықтан да, Президентіміз Н.Назарбаевтың жастар саясатына баса көңіл бөлетіні бекерден бекер емес. Білімді де мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу елдің ертеңі үшін жасалып жатқан ізгі қадамдар екені айдан анық. Оған себеп, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұлы тұлғалар бүгінгі жастар болатыны көңілге қонады. Бүгінгі қазақ жастарына тағылатын сын, айтылатын мәселелер жетерлік. Дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын жастарымыз да жоқ емес. Солардың бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3 курс студенті, университетке қарасты «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрағасы - Айдана Сыдықова.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1992 жылы туылған кейіпкеріміз Айдана Сыдықова Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген екен. «Ана көрген тон пішетінін» ескерсек, кейіпкеріміз сәбиілік шағынан қазақ ертегілерінен сусындап, бесік жырын тыңдап өседі. 1999 жылы аудандағы №1-ші Қарғалы орта мектебінің 1сыныбының табалдырығынан аттайды. Мектепте жүрген шағында-ақ белсенділік танытып, оқушылар арасында өтілетін көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болады. Аудандық "Жас Ұлан” оқушылар ұйымының белсенді мүшесі және мектеп президенті де болады. Оқушы кезінде әдебиетке, поэзияға қызығып өскен ақындар мен батырлар елінің қызы көптеген жыр мүшәйраларынан да шет қалмады. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзін еске алсақ, Айдананың әдебиетке жақын болуы ұлттық, қазақы тәрбиені бойына сіңдіруге себепші болады. Сонымен қатар, сабақты үздік оқып, мұғалімдердің көңілінен шыға біледі. 2010 жылы осы мектепті «Алтын белгімен» тәмәмдап, ұстаздарының сенімінен шығып, мектептің абыройын асқақтатады.
Бүгінде Айдана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің 3 курс студенті және оқу ордамыздың "Сұңқар” студенттер кәсіподағының төрайымы. Университетке түскен алғашқы жылдан бастап өзінің белсенділігімен студенттер арасында танылды. Қазақылықты, ұлттық тәрбиені бойына дарытқан, жалғандықтан ада Айдана 2011 жылы Студенттер мәслихатының ұйымдастырумен өткен «Ең үздік топ старостасы» байқауының «Ең Ұлтжанды староста» номинация иегері болды. Патриоттығымен көзге көрініп, белсенділігімен университет басшылығына танылған Айдана 2012 жылы Астана қаласында өткен «Жас Отан» ЖҚ 2 съезд делегаты болып қайтады. «ISF – 2012» ІІ Халықаралық форумының белсенді ұйымдастырушысы ретінде де Айдана көзге ілігеді. 2012 жылы Бурабайдағы «Біз кәсіподақ көшбасшыларымыз!» атты қыстық лагерін сәтті аяқтағаны үшін сертификатпен марапатталады. Ақпараттық кеңістікте де қоғамдық мәселелерге еркін пікір білдіріп, Республикалық басылымдарға жастарға арналған өзекті тақырыптарда 10-ға жуық мақалалар жазып үлгерді. Ғылым жолын да шет қоймай, әр жыл сайын өтетін "Ғылым әлемі” ғылыми конференцияларына да қатысып, жүлделі орындардан көрінеді. Биылғы ақпан айында Академик, профессор «Кенжеғали Сағадиев» атындағы стипендия иегері атанды.
Бұл ретте, қыз бала бола тұра Айдананың еңбекқорлығына қарап, оның болашақта да елге үлкен пайдасы тиетінін байқаймыз. 2011-2012 жылдар аралығында Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрайымы қызметінен еңбек жолын бастайды. 2011 жылы жазғы демалыста «Мадагаскар» балалар лагерінің тәрбиешісі болады. Бала тәрбиелеу оңай емесін ескерсек, жас студент үшін бұл оңайға түспегені анық. Ал, 2012 жылдың жазғы демалысында ҚазҰУ-дың Сдуденттік құрылыс жасағының жауынгері атанады. Бүгінде құрылыс жасағында жүріп, қара жұмыс істеу қыз бала былай тұрсын, ұлдар үшін де оңай емес. Айдананың бұл ерлігі жастарға үлгі болары анық. Наурыз айының басынан бастап, студенттердің сайлауымен Айдана ҚазҰУ-дағы «Сұңқар» Студенттер кәсіподағының төрағасы лауазымын иеленеді. Бүгінде еңбекқор төраға қызу еңбек үстінде.
Айдананың білімге ұмтылуы, елінің патриоты болуы, өзінің құқықтарын аяқ асты етпей алып жүруі өзгелерден ерекше. Қазіргі ғасырды «іскерлер заманы» десек, Айданада іскер адамдарға тән барлық қасиеттер табылады. Мәселен, солардың бірі – келісімпаздық. Айдана кез келген адамды сөзге тартып, онымен келісіп, тіпті өзіне қарата алатын қасиеті бар. Қ.Мырзалиевтің «Әдемі қыз – көзіңе жақын, әдепті қыз – көңіліңе жақын» деген сөзі Айданаға айтылғандай... Айданада көркінен бөлек, этика, қазақ қызына тән мінездер, киім киуінің әдебі, сөлеу шешендігі т.б. жақсы қасиеттердің баршасы табылады. Қаншалықты белсенді болуына қарамастан, күнделікті сабағынан қалған емес. Бұл өзін басқалардан жоғары санамайтындығын білдіреді.
Айданадағы мейрімділік, жомарттық қасиеттер де жоғары деңгейде көрініс табады. Достарына, айналасындағы адамдарға көмектесуге әрқашан дайын тұрады. Ашық көңілдігі оның айналасында достарының көп болуына себеп бола алады. Айдананы бүгінде ҚазҰУ-да барша студенттер таниды. Сабақ беретін ұстаздары да, факультет деканы да басқа студенттерге идеал ретінде Айдананы нұсқайды. Сонымен қатар Айдана оқуды да озат оқиды. Ректорымыз Ғ.Мұтанов қабылдаған «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап» жобасын алғаш болып өзі орындап жүр. Қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің біршамасын Айдана біледі. Бәріне уақыт табатын Айдананы «уақыт иесі» демеске шараң жоқ. Сонымен қатар, баспасөз беттеріндегі жаңалықтар, елде және әлемде болып жатқан айтулы оқиғалар Айдананың бақылауында болады. Қылт еткен жаңалықты бірінші болып Айданадан есітіп жатамыз. Бәріне үлгеретін әмбебап студенттен үйренеріміз өте көп. Ендеше, Айдананы ҚазҰУ студенттерінің ғана емес, қазақ жастарының идеалы деуге әбден болады.
Дінмұхамед Аязбеков
3 курс студенті
Рекомендуем похожее:
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға
Ұстаз - білім шырағы
Ұстаз адамның жанын емдеуші
Срайыл СМАЙЫЛ
ҚАЗҰУ ШАҚЫРАДЫ!!!
![]() |
№ 142 (2120) |
Добавить комментарий!