Срайыл СМАЙЫЛ
«Жас қазақ» газетінің Бас редакторы:
«1 курста қорқып жүрдім...»
Білім мен ғылымның алтын діңгегі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, еліміздің білікті де білім кадрлар қатарын жылдан-жылға толықтырып келеді. Біз, ҚазҰУ студенттері бізге дейін осы университетте оқыған майталмандардың есімін естігенде еліктеуге бағыт тауып жатсақ, қара шаңырақ ұстаздары бір марқайып түлегімен мақтанып жатады. Осы орайда «Біздің түлек» жаңа айдарын ашып, мұнда мақтанышқа айналған түлектерімізбен сұқбаттасып, ой-пікір бөлісуді жөн санадық. Айдардың бүгінгі қонағы журналистика факультетінің түлегі,бүгінде қарымды журналист, «Жас қазақ» газетінің Бас редакторы, КТК телеарнасының шеф редакторы, «Ең үздік редактор» (2010 жылы) атағының иегері, КТК телеарнасындағы «Қазақстан барысы» жобасының авторы Срайыл Смайыл.
- Срайыл Махатұлы, сіздің буын қазақ журналистикасына үлкен жаңалықпен келді. Өзіңіз де телеарналарда, газеттрде өзіндік қолтаңбаңызды қалыптастырдыңыз. Осы жерде Қазақ ұлттық университетінің, сондағы журналистика факультетінің түлегі екеніңізді баса айту керек. Журналист болу бала күннен арманыңыз болды ма?
- Мен әуелі, дене шынықтыру оқу орнына құжаттарымды тапсырғам. Сол кездері Дене шықтыру институтында екі мамандық: бірі- дене шынықтыру мұғалімін, екіншісі – спортшыларды дайындайтын бөлім болатын. Сол спортшылар бөліміне құжаттарымды жинап, медициналық анықтамаларымның екеуін тапсырмағандығымнан емтиханнан қалып қалдым. Ауылға босқа қайтпайық деп,Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Ал оған дейін тіпті журналист болам деп ойлаған емеспін. Тіпті алғаш барғанымда, «Қандай публикацияңыз бар?» деген сұрақтың өзі таңсық еді. Факультетке қабылдануға әлі уақыт бар болған соң, дайындалып, аудандық басылымдарға бірнеше материалым жарыққа шығып студенттер қатарына іліндім. 1 курста қорқып жүрдім. Курстастарымның мақалалары газеттерге, журналдарға шығып жүрді. Жазуды бұрын ермек қылмаған мен үшін «оқудан шығып кетем-ау» деген ең қорқыныштысы болды. 1курстан кейін аудандық газетке барып, жазудың қыр-сырын тереңірек меңгеруге тырыстым. Өзімше зерттеу жасап, материал жазып көрдім. Алғаш өндірістік тәжірибемде мақаланы қалай жазу керек схемасын біліп қайттым десек болады. Міне, осылай- осылай ақырындап тәжірибе жинақтап, бәрін үйрендік.
- Еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?
- Ең әуелі, 4 курста «Біздің отан» деген газетке өндірістік тәжірибеге бардым. Бұл басылым төте жазуымен жарық көреді. Барып едім, олар маған таңғалды. Өндірістік тәжірибеге келген бірінші студент екенмін. Біз өндірістік тәжірибемізді бос өткізбейтінбіз. Күнде келіп, аз уақытта бір нәрсе үйреніп қалайық деп тырысатынбыз. Өйткені, қай университетте оқысақ та, қай мамандықты игерсек те көп нәрсе тәжірибе арқылы келеді. 2005 жылы Америкада 1 ай жүріп, мұсылмандар жайлы деректі фильм түсірдім. Сонда «Вашингтон пост» газетінің редакциясымен араластым. Жаңадан жұмысқа қабылданған түлектермен сөйлестім. Олар да біздегідей өндірістік тәжірибеден өткен екен. Бірақ, олардың ерекшелігі олар университетті бітіргенге дейін сол газеттің бүкіл проблемаларымен, редакциясымен жақсы таныс болады екен. Ал бітіргенде бірден жұмысқа тұруына үлкен септігін тигізеді.
1988 жылы оқуымды тәмамдап, «Біздің отан» газетінде жұмыс істедім. Газет дизайнын жақсы меңгердім. Сол газеттен үйренгенім қазірдің өзінде үлкен септігін тигізуде. Газетте жұмыс істеп жүргенімде шағатай тілін үйрендім. Шыңғыс хан кезіндегі ортақ болып келген тілді ең соңғы қолданған Мұстафа Шоқай. Ол Парижде 1929-1940 жылдары «Яш түркістан» деген журнал шығарды. Осындай тілді үйрену мен үшін мақтаныш. 1992 жылы «Қазақстан-Заман» газеті ашылып, сол газетте шолушы болдым. Кейін «Түркия» газетінде жұмыс істеп, 1994 жылы «Анадолы» халықаралық агенттігінде жұмыс істедім. Бұл агенттікте жұмыс істеп, ақпарат жазуды үйрендім.
- Сіз оқыған ҚазМУ мен бүгінгі ҚазҰУ-дың айырмашылығы бар ма?
- Бұл айырмашылықты университеттің бітірген түлегі арқылы білуге болатын сияқты. Бүгінде өндірістік тәжірибеге ҚазҰУ-дан келген түлектер өзіміз оқыған соң, бізге жылы көрінеді. Түлектер арасында білімді, ізденімпаз жастар да аз емес болды. Айтқанынды түсініп, бірден жұмысқа кірісіп кеткендері штаттқа тез қабылданды. Айтайын дегенім, студентті бағалау оның ойлау өрісінің кеңдігі мен ізденуге деген құштарлығына қарау шығар. Соңғы жылдары байқағаным, студенттер арасында ізденудің кемуі. Біздің оқыған кезімізде қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, шетел әдебиеті – осы үш пәнді аса көңілмен оқитынбыз. Барлық классиктердің шығармаларын оқуға тырысатынбыз. Жақында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтан сұхбат алдым. Ол кісі бір жақсы бастама айтты: «Университет қабырғасында жүрген әрбір студент 100 кітап оқып шығу керек. Біз соны талапқа қойып жатырмыз», - деді. Ондай талаптар қойылып жатса, әрине бұл қуанышты. Біз өзіміздің кезімізде кітапты көп оқыдық. Кітапты көп оқығанымыз жазуды үйретті. Ал қазіргі студенттердің кітап оқымағандығы түпкіліктің түбінде өздерінің алдынан шығады. Оқу тәмәмдап келген студенттерден қай стильде жазатынын сұрамаймыз. Ең әуелі, пунктуация мен грамматиканы білетінін сұраймыз. Егер студент болсын, жас журналист болсын кітап оқитын болса, қай жерде қандай тыныс белгісінің қойылатынын, қай сөзді қалай қолдануды жаңылмай біледі. Кейде көреміз, бір сөздерді мақалдап тырысып айтқанымен, сөздерді дұрыс қолдана алмайды. Бұл сөздік қорының аздығы. Сөздік қорының аздығынан студент жаттанды сөздерді қайталап қолдана береді. Осы тұста тағы қосатыным, студенттер өндірістік тәжірибе кезінде бар мүмкіндікті пайдаланып білмегенді үйренуге тырысу керек. 2000 жылы журналистика факультеті студенттеріне шетел журналистикасынан дәріс оқығаным бар. Дәріс оқыған кезімде студенттердің қаншалықты қызығушылығының бар не жоқ екенін байқауға болатын. Байқағаным,біреу ден қойып тыңдап отырса, тағы біреу өз шаруасымен айналысып отыратын. Бара-бара уақытымның бекер кетіп жатқанын түсіндім де бір шара ойлап таптым. Дәрістің аяқталуына 20 минуттай уақыт қалғанда барлығына таза ақ қағаз алғыздым. Мен дәріс оқыған халықаралық журналистер тобы еді. Барлығына: «Сендердің әрқайсың бір шетел агенттіктерінің маманысыңдар. Қазақстанға келдіңдер. Айталық, Байқоңырдан ұшқан зымыран 39 секундтабарып Қарағандыға құлады. Адам зардап шеккен жоқ. Бір үй ғана күйреді. Бұл протон зымырандары ұшырылғалы бері бесінші құлаған зымыран. Ресей Байқоңырды 50 жылға жалға алған. Жыл сайын елімізге 115000 доллар төлеп тұрады. Оның айталық, 65 пайызы қару-жарақ, қалғаны ақша түрінде беріледі», - деп негізгі мағлұматтарды айтып, осыған 10 жолдық ақпарат жазып берулерін талап еттім. Алғашында ешкім жаза алмады. Екінші жолы ренжігенсіп үшеуі жазды. Үшінші рет төртеуі жазды. Деканатқа ренжіп айтқандар да болды. Ең соңында 10 студенттің ішінен 7-уі жаза алатын болды. Сонда студенттер тарапынан реніш болды. Бірақ, студенттерге ең маңыздысы ақпарат жаза білуді үйрену. Журналистиканың қай саласында болмасын, радиода да, телеарнада, газетте де ақпарат жазу қиын. Студенттер тек өндіріс тәжірибесі кезінде ғана емес, сабақ күндері де келіп араласып, ізденіп, көрініп тұру қажет. Міне, біздің кездегі студенттер мен бүгінгі студенттердің айырмашылығы – аз ізденімпаздық танытуында сияқты. Университетте берілген теорияны бекітіп, өзін дамыту үшін, ұстаздар үмітін ақтау үшін болашақ маман, әсіресе журналист боламын дегенізденуші студент кезінен тәжірибені ұштастырып, мақала жазуға ден қою керек. Теорияны тәжірибемен ұштастыру өз қолында екенін ескерген жөн.
- Телеарнадағы «Астарлы ақиқаттың» шығармашылық редакторы сіз екеніңізді білеміз. Бұл бағдарлама алғашында кәдімгідей елдің мойнын бұрып еді. Алайда, соңғы күндері шығармашылық тоқырау ма екен, әр ненің басын бір шалып кетті. Эфирден арзанқолдау сюжеттер бой көрсете батсады. Бағдарлама идеясының авторы ретінде бұл мәселе сізді толғандыратын болар.
- Алғашында бұл бағдарлама мақсаты қоғамдағы басты назардағы мәселелерді боямасыз көрсету болған. Кейіннен бұл бағдарламаның қозғайтын мәселелері телеарнаның бағытын жарнамалауға ауытқып кетті. Негізінен біз 2007 жылы «Репортер» деген бағдарлама ашқан болатынбыз. «Астарлы ақиқат» соның жалғасы іспеттес.
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Ақбота СЛЯМОВА
Рекомендуем похожее:
Әлемдік білім кеңістігіне апарар жол
Тиімді тәжірибе қарлығаштары
Қос диплом бағдарламасы қаралды
ҚАЗҰУ ШАҚЫРАДЫ!!!
Назарбаев университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ынт ...
![]() |
№ 142 (2120) |
Добавить комментарий!