» » Ұстаз және шәкірт бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым

Ұстаз және шәкірт бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым

«Қазақ университеті» газеті

№24, 19 маусым, 2012 жыл

Рубрика: Маржан сөз

Өтеген КҮМІСБАЕВ,ақын, шығыстану факультеті арабтану және ирантану кафедрасының профессоры,

ҚазҰУ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

«Ұстаз және шәкірт бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым»

 

«Ұстазсыз шәкірт – тұл», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген дана Абай атамыздың сөзі алдымен ойға оралады. Ұстазынан шәкірті озып жатса, ұстазы оған балаша қуанып тұрса, нұр үстіне нұр жауар деген сол. Алдыңғының аяғынан шалмай, кейінгінің кеудесінен итермейтін инабатты шәкірт алысқа баратынына шәк болмаса керек.

Біздің уақытымыз басқашалау еді. Біз оқымаған академик әке-шешеміздің тәрбиесімен өсіп, жетілдік. «Қонақ келсе есікке, жүгіріп шық кешікпе, сәл кешіксең шырағым кесір болар несіпке» деп отырушы еді әкеміз. «Үйге аттылы қонақ таянды дегенше жүгіріп шығып атының шылбырынан ұстап, иығынан демеп, ерден түсіріп, жетелеп үйге әкелетінбіз. Қолына су құйып, сүлгі беретінбіз, дастарқан жаққа төрлететінбіз шырағым, қонақ деген Алланың сыйы, ағыңнан жарылып қарсы ал, барыңды бер, ренжімей аттансын» дейтін көкем марқұм.

Байқасам, өмірдегі менің бірінші ұстазым – қарапайым қырдың қазағы малшы еді. Көкірегінен күн сәулесі тарап тұратындай еді. Әзіл әңгімені, әнді, күйді сүйетін. Бүгін үйге келген мейманға әйеліне барын салдыратын. Қоңыр кештерде домбыра шертіп, талай тасқын жырлардың басын қайырып отыратын. Байғұс анамда бірауыз сөз жоқ, сары самаурынды иығынан демалтып, сексеуілдің шоғын салып сақырлатып қоятын. Үйдегі бар дәмді, тәтті нәрсе сол күні дастарқанға түсетін. Ертең не болады деп ойламайтын қазақ едік.

«Балам, менің көкірегімде алтын сандық жатыр. Сол сырлы сандықты ашып гауһарларын тізіп алып қал. Мен кеткесін менімен бірге кетіп қалады» деуші еді әкем. Сөзге шебер, анау-мынау шешенге дес бермейтін қазақтың қарасөзінің шебері еді. Қыран құс салып, серілік жасауды сүйетін. Үйімізге Шораяқтың Омары, Рүстембек, Жиенбай, Базар жыраулар келіп қалса, нағыз мерейлі мерекеге айналатын. Бір-бірімен әзілдескендерінің өзі бір қазына еді-ау шіркін! Және неткен терең, мәдениетті әзілдер десеңізші. Сол келісті кештерді мен өмір бойы ұмытпаймын. Сөйтсем, дала данышпандарының ұлағатты сөздерін, жауқазындай жырларын тыңдап есейген екенмін. Демек, менің бірінші ұстаздарым сол сүлейлер, даңғайыр жыраулар еді.

Асыл ананы алғашқы ұстазым емес деп, кім айта алады. Анам Кеніштай кеңпейілді, кісілігі мол, көңілі күйдей күмбірлеп тұратын кісі еді. Көп сөйлемейтін, бірақ үнсіздігінің өзінде ғажайып сазды симфония жататын. Аз сөзіне көп мағына сыйғызып сөйлейтін. Менің әкеме он төртінде тұрмысқа шығып, отау иесі болыпты. Сонда қыз жасауымен бірге үш кітап келсе керек. Есімде қалғаны ескі Құран және араб тілінде жазылған екі даналық кітабы еді. Анда-санда әкемнен жасырып бірдеңені күбірлеп оқып отыратыны барды. Біз ағайынды төртеу едік, ылғи ұлдар едік. Тентектік жасасақ, айқау-шу шығармай-ақ біздерді ұялтып тастайтын. Барынша сабырлы, мейірімді жан еді. Аяулы анамыз дәріс оқымай-ақ оқытатын ұстазымыз еді. Жер шарын жеті айналып шықсаң да өз анаңдай адам таба алмайсың. Жас ұрпаққа осындайда айтарым: аналарыңды қадірлеңдер, ана қасиеттің қайнар бұлағы, таласып төсін емдіңдер, қолынан талай-талай дәм таттыңдар. Бесіктен есікке, есіктен әлемге аттадыңдар. Сонда сендерді жолға ақ тілекпен, ақ батамен шығарып салады. Алыста жүрсеңдер хат жазып тұрыңдар. Алғыстан, ақ ниеттен жаралған аналардың дүниеде теңдесі жоқ.

Ал енді әліппе үйреткен ұстазымды қалай ұмытамын. Маған әріптерді үйреткен ұстазым Нұржан есімді жігіт болатын, әлі есімнен шықпайды. Үні жұмсақ, жүзі жылы еді. Жаныма жақын келіп, басымнан сыйпап, былай жаз деп үйретуші еді. Бар балаға бірдей қарайтын. Қолымды ұстай отырып, әріптерді бірге жазысатын.

Мен Қызылорда облысының екі ауданында оқып, мектепті Қызылорда қаласында бітірдім. Әдебиет пәнінен берген Меңдияр Киікбаев ағай әлі күнге есімнен кетпейді. Алгебра, физика сабақтарынан орташалау оқысам да, әдебиетті жіберіп көргенім жоқ. Ол кісі бейнебір ертегі айтқандай ғажап түсіндіретін, өзі де өлең, очерктер жазатын әрі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі еді. Кезінде Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен, Ғабиден Мұстафинмен, Әбділда Тәжібаевпен араласқан кісі еді. Жыр, дастандарды жатқа айта жөнелетін. Менің өлеңге келуіме де Меңдияр ағайдың әсері болды. Бесінші, алтыншы кластан бастап өлең жаза бастадым.

Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің (С. Киров атындағы ҚазМУ) филология факультетіне түскенімде менің алдымнан Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Мәрзия Маженова, Темірғали Нұртазин, Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Есмағанбет Ысмайылов, Зейнолла Қабдолов, Александр Жовтис және т.б. шықты. Бұлардың бізге беріп кеткен біліміне баға жетпейді, әрбіреуі бір-бір асқар таулар еді.

Әсіресе Мұқаңның абайтанудан дәрісі болатын күні алдыңғы орынға жайғасып, қалам-қағазымды дайындап, жүрегіміздің дүрсілін тыңдаушы едік. Мұхтар Әуезовтің дәрістеріне алуан түрлі мамандық студенттері, қаланың басқа да жоғары оқу орындарынан студенттер, оқытушылар келіп отыратын. Мұқаң тамағын сәл-пәл кенеп қойып, таудан аққан сарқырамадай саңқылдап ала жөнелетін. Ұлы Абайдың бір өлеңін сағатқа жуық тебіреніп толғаушы еді. Шығыс пен Батыстың әдебиетін әдемі арнаға салып жіберетін де, Абай жырларының жұлдызын жарқыратып көз алдымызға лағыл тастардай тізіп тастайтын. Абайтанудан енді сынақ тапсырамыз деп жүргенімізде бір күні таңертең Мәскеу радиосынан Мұхтар Әуезов қайтыс болды дегенді естіп, жатақханада жер жастанып жылағанымыз есімізден кетпейді.

Мен сондай ұлы ұстаздардың көзін көргенім үшін бақыттымын.

 

 

Добавить комментарий!

Ваше Имя:
Ваш E-Mail:
Полужирный Наклонный текст Подчеркнутый текст Зачеркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищенной ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Введите код:

Рекомендуем похожее:

Ұстаз адамның жанын емдеуші

Жақыпбек Алтайұлы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Үздік оқытушы» мемлекеттік грантының

Срайыл СМАЙЫЛ

«Жас қазақ» газетінің Бас редакторы:   «1 курста қорқып жүрдім...» Білім мен ғылымның алтын

Қос диплом бағдарламасы қаралды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Қытай Халық Республикасындағы Халықаралық

ҚАЗҰУ ШАҚЫРАДЫ!!!

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі

«ТҮРКІ ӘЛЕМІ» ОҚУ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

11 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері

Соңғы нөмір
№ 142
(2120)
ҚазҰУ жаналықтар
Опрос
Оцените работу движка
Лучший из новостных
Неплохой движок
Устраивает ... но ...
Встречал и получше
Совсем не понравился

Логин
Пароль
Запомнить